Шымкентте VIII Халықаралық «Фармацевт академиясы» форумы өтті

02.10.2025

1 қазанда Шымкент қаласында VIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік фармацевтикалық форум - «Фармацевт академиясы» ұйымдастырылды.

 Шараға қала мен облыстың ең ірі дәріхана желілерінің 240-тан астам маманы - провизорлар мен фармацевтер, сондай-ақ Түркістан мен Сарыағаштан келген әріптестер қатысты.

Форум фармацевтикалық саланың өзекті мәселелерін талқылауға, кәсіби тәжірибе алмасуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Іс-шараға PRO.MED.CS Praha a.s. компаниясы қолдау көрсетіп, фармацевтердің құзыреттерін арттыру және олардың дәріні таңдаудағы рөліне баса назар аударды.

Қатысушыларға тіркеу, салтанатты ашылу рәсімі және фармацевтикалық нарық сарапшыларының баяндамаларынан құралған мазмұнды бағдарлама ұсынылды.

Форум спикерлері:

Юрий Игоревич Чертков - «Медициналық Маркетинг Агенттігі» компаниясының директоры, дәрігер, халықаралық бизнес-тренер, «Аптечная машина продаж», «Доктор Бренд» және басқа да кітаптардың авторы.

Райхан Салмағанбетқызы Күзденбаева - медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Клиникалық фармакологтар мен фармацевтер кәсіби қауымдастығы» РҚБ президенті.

Михаил Евгеньевич Коваленко - дәрігер-психотерапевт, сертификатталған бизнес-тренер, ұйымды басқару және HRM саласының маманы, бірқатар тренингтік бағдарламалардың авторы.


Юрий Чертков PRO.MED.CS Praha a.s. компаниясының қолдауымен «Дәріханадағы көшбасшы: клиентті дұрыс шешімге қалай жетелеу керек» тақырыбында баяндама жасады. Ол фармацевт пен сатып алушы арасындағы диалогтың практикалық үлгілерін талдап, сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін құралдарды көрсетті және клиент көзінде кеңес берудің құндылығын арттыру стратегияларымен бөлісті.

Форумның қорытынды бөлігі ашық пікірталас форматында өтті. Қатысушылар спикерлердің негізгі ойларын талқылап, сұрақтарын қойып, тәжірибелік әдістемелермен алмасты. Іс-шара соңында барлық тыңдаушыларға бағдарламадан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.