Іс-шараның мақсаты — медициналық қызметкерлерді В және С вирустық гепатиттерін диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне үйрету, сондай-ақ бұл тәсілдерді алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне енгізу болды.
Бағдарлама Қазақстан үшін өзекті бауыр аурулары мен вирустық гепатиттерге қатысты мәселелерді қамтыды. Оның ішінде эпидемиология, қауіп факторлары, патогенез және клиникалық көріністер, заманауи зертханалық және клиникалық диагностика әдістері, емдеу тәсілдері мен терапия тиімділігін бақылау, сондай-ақ ПМСП деңгейіне арналған алгоритмдер мен хаттамалар сөз болды. Практикалық бөлім клиникалық жағдайларды талдауды, рөлдік ойындарды және симуляциялық оқыту элементтерін қамтыды.
Мастер-классқа өңірдің терапевт дәрігерлері, жалпы практика дәрігерлері, гастроэнтерологтар, гепатологтар және инфекционистер қатысты. Спикер ретінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гастроэнтерологы және гепатологы, медицина ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың профессоры Калиаскарова Күлпаш Сағындыққызы сөз сөйледі.
Іс-шара сондай-ақ Қызылорда облысының штаттан тыс бас гастроэнтерологы Ізенова Мира Убайдуллаеваның 70 жылдық мерейтойына орайластырылды. Әріптестері оны құттықтап, өңірлік гастроэнтерология қызметін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Мастер-класс алғашқы буындағы денсаулық сақтау деңгейінде вирустық гепатиттерді диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін интеграциялау мен пәнаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.