3–4 қыркүйекте Алматыда халықаралық мамандардың қатысуымен артериялық гипертония және кардиоваскулярлық профилактика жөніндегі IX республикалық «CardioForumQZ» конгресі өтті
«Жаңа бағдарлар. Сыннан өткен жолдар. Клиникалық шешімдер» ұранымен өткен жиын қазақстандық және шетелдік сарапшылардың, тәжірибелі дәрігерлер мен денсаулық сақтау мамандарының басын қосты. Pro.Med.CS Praha a.s. компаниясы іс-шараның эксклюзивті серіктесі болды.
Ғылыми бағдарлама жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, артериялық гипертониясы бар пациенттерді емдеу мен бақылаудың заманауи тәсілдері, коморбидтілік және жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі жоғары адамдарға көмек көрсету мәселелерін қамтыды. Қатысушылар қауіп факторларын ерте анықтауға және алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен мамандандырылған кардиологиялық қызмет арасындағы сабақтастыққа ерекше назар аударды.
Бағдарлама аясында 3 қыркүйекте Гүлнара Әлдешқызы Жүнісбекова «Гипертония кезіндегі бүйрекке басым назар: диагноздан қосарлы қорғаныс стратегиясына дейін» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін «Коморбидтілігі бар пациент: емдеу мен бақылаудың кешенді тәсілі» атты сателлиттік симпозиум өтті. Оған Д. А. Қайбуллаева модераторлық етті. Елена Михайловна Ларюшина, Рита Әлімбекқызы Қасымалиева және Мейрамгүл Қапсыметқызы Түндібаева баяндама жасады.
4 қыркүйекте Диляра Мұхтарқызы Мұхтарханова артериялық қысымды сенімді бақылау туралы баяндамасында телмисартан мен индапамид біріктірілімін қолдану тәжірибесімен бөлісті. Сол күні «Сандардың ар жағында: артериялық гипертонияның ағзаларға әсері» атты сателлиттік симпозиум өтті. Оған Мейрамгүл Қапсыметқызы Түндібаева модераторлық етті. Қатысушылар алдында Дина Амангелдіқызы Қапсұлтанова, Мейрамгүл Қапсыметқызы Түндібаева және Гүлнар Қайырбекқызы Жүсіпова сөз сөйледі.
Талқылау артериялық гипертонияға кешенді қараудың маңызын айқындады. Мысалы, дәрігер үшін тонометрдегі көрсеткішпен қатар пациенттің жалпы жағдайы, қатар жүретін аурулары және ағзалардың зақымдану қаупі де маңызды. Мұндай тәсіл әр пациентке жеке емдеу және бақылау тактикасын таңдауға, оның өмір сапасы мен белсенділігін сақтауға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Pro.Med.CS Praha a.s. үшін CardioForumQZ конгресіне қатысу кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстан дәрігерлерінің күнделікті тәжірибесінде маңызды клиникалық шешімдерді талқылауға қолдау көрсету мүмкіндігі болды.