Қазақстандық кардиологтар ESC Congress 2025 халықаралық конференциясында баяндама жасады

02.09.2025

29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Мадридте ESC Congress 2025 World Congress of Cardiology шарасымен бірлесіп өткізілді.

Бұл кардиология саласындағы ең ірі жаһандық шара, онда мыңдаған дәрігерлер, зерттеушілер мен денсаулық сақтау мамандары бас қосты. Конгресс жүрек-қантамыр ауруларын емдеу тәжірибесімен алмасуға арналған маңызды алаң болды. Аталған аурулар әлем бойынша өлім-жітімнің басты себебі болып отыр.

31 тамызда жаһандық Global Community сессиясы аясында Еуразия елдерінде заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділік тақырыбы талқыланды. Оған Армения, Түркіменстан, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан кардиологтары қатысты.

Қазақстан атынан доктор А. Абдрахманов «Жүрекше фибрилляциясы бар науқастардағы катетерлік абляция: өңірлік жағдай және Қазақстанға назар» тақырыбында баяндама жасады. Ол елдегі қазіргі ахуалды таныстырып, негізгі қиындықтарды атап өтті және пациенттердің жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізуін кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сессияда коронарлық синдромдарды емдеу, кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау және жүрекше фибрилляциясында абляция жүргізу мәселелері қозғалды. Бұл технологиялар қазіргі заманғы кардиологиялық көмектің стандарты саналады және жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жиын панельдік пікірталаспен аяқталды. Дәрігерлер тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде скрининг бағдарламаларын кеңейту, халықаралық клиникалық ұсынымдарды өңірлік ерекшеліктерге бейімдеу айтылды. Артериялық гипертония мәселесіне де арнайы назар аударылды. Себебі ол өңірде инфаркт пен инсульттің басты қауіп факторы. Сарапшылар жоғары қан қысымымен күрес ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің басымдығы болып қала беруі тиіс екенін айтты.

Қазақстанның ESC Congress 2025-ке қатысуы еліміздің әлемдік медициналық қауымдастыққа белсенді кіріккенін көрсетеді. Бұл өз тәжірибемізбен бөлісуге, сондай-ақ үздік халықаралық практикаларға қол жеткізуге жол ашып, түптеп келгенде пациенттердің өмір сапасы мен ұзақтығын жақсартуға ықпал етеді.